Белсенді Әйгерім Тілеужанды сайлаудан тағы да шеттетті

Белсенді комиссия шешімін сотқа берген


13/03/2023
13:14 20409 0

Фото: Ашық дереккөзден

 

Қаңтар оқиғасы бойынша үйқамақта отырған Әйгерім Тілеужанды сайлаудан тағы да шеттетті. Бұл жөнінде «Азаттық» радиосы хабарлады.

 

Парламент мәжілісі депутаттығына үміткер болып тіркелген Әйгерім Тілеужанды 11 наурызда Алматыдағы №3 бірмандатты аумақтық сайлау округі «табыс декларациясындағы мәліметтердің сәйкессіздігі анықталуына байланысты мәжіліс депутаттығына кандидаттыққа тіркеуден шығарылатыны» туралы хаттама берген.

 

Сайлау комиссиясы Әйгерім Тілеужанды осыдан екі апта бұрын ғана сайлаудан алып тастаған. Бірақ сот комиссия шешімін заңсыз деп танып, ол үміткер ретінде қайта тіркелген. 

 

– Салық органдарына жіберген құжаттарда «сәйкессіздік» бар дейді, бірақ оның қандай «сәйкессіздік» екенін айтпады. Комиссия Семей қаласының мемлекеттік кірістер басқармасынан келген хатқа сілтеме жасаған, алайда бізге ол не хат екенін де көрсеткен жоқ, – дейді адвокат Айнара Айдарханова.

 

Адвокаттың сөзінше, комиссия шешімін сотқа берген. Шағым заң бойынша бір апта ішінде қаралуы тиіс.

 

Алматы соты Қаңтар оқиғасына байланысты айыпталған белсенді Әйгерім Тілеужанды 2022 жылғы 17 қарашада екі айға үйқамаққа алу туралы шешім шығарған. Оған байланыс құралдарын пайдалануға, әлеуметтік желіге жазба жазуға тыйым салған.

Биыл қаңтарда Қазақстан парламентінде өткен тыңдау кезінде бас прокурор Берік Асылов Әйгерім Тілеужанды «Қаңтар оқиғасы кезінде Алматы әуежайын басып алуды ұйымдастырушы» ретінде атаған.

Былтыр қазан айының соңында Әйгерім Тілеужан өзін Қаңтар оқиғасымен байланысты істе «куәгерден»«күдіктіге» ауыстырғанын хабарлаған еді. Айтуынша, ол 5 қаңтарда Алматы әуежайында жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастырды деген күдікке ілінген.

Әйгерім Тілеужан Қаңтар оқиғасы кезінде әуежайға барғанын мойындаған, бірақ «әуежайды басып алу әрекетін ұйымдастырды» деген айыпты жоққа шығарған.

Поделиться

Нет комментариев.

13/03/2023 13:14
20409 0

Уведомление